Қазақстан қалалары Олимпиада күнін атап өтеді


НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Ертең, яғни 23 маусым жексенбі күні Қазақстанда Халықаралық Олимпиада күні аталып өтеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

ҚР Ұлттық олимпиадалық комитеті хабарлағандай, Қазақстан бұл мерекені 26-шы рет атап өткелі отыр. Бұл күні еліміздің қалаларында бұқаралық-спорттық іс-шаралар өтеді.

Нұр-Сұлтан қаласында мерекелік бағдарлама 09:00-де басталады. Негізгі бағдарлама Орталық мәдениет және демалыс бағында ұйымдастырылмақ.

Мерекелік бағдарлама аясында жетінші дан иегері, жекпе-жек өнерінің шебері Ониси Нобукадзудың шеберлік сабағы өтеді. Сондай-ақ, Fitness Park Astana командасының нұсқаушылары жалпыға арналған жеңіл дене шынықтыру сағатын жоспарлап отыр. Олимпиада күніндегі бағдарламалар тізбегі бокс, джиу-джитсу, зумба, йога, кросс-фиттен өтетін шеберлік сағаттарымен жалғасын табады.

Ал Алматы қаласында бұл күні арнайы веложарыс ұйымдастырылмақ. Жарыс таңғы сағат 9:00-де Торайғыров және Сайын көшелерінің қиылысында бастау алады. Қатысушылар арнайы веложолақта жарысып, Орталық стадион маңында жеңімпаз анықталады.

Айта кетелік, Халықаралық Олимпиада комитеті 1948 жылы Санкт-Морицеде өткен ХОК-тың 42-ші сессиясында 23 маусымда Халықаралық Олимпиада күнін өткізу туралы шешім қабылдады. Бұл күннің таңдалуы да бекер емес. 1894 жылдың 23 маусымында ХОК құрылған болатын. Дәл сол күні олимпиадалық қозғалыстың негізін салушы, барон Пьер де Кубертен халықаралық атлетикалық конгресс алдында тарихи баяндама жасаған.

Мерекені тойлау барысында Қазақстан қалаларында жыл сайын спорттық-бұқаралық іс-шаралар ұйымдастырылады.


Источник: “http://lenta.inform.kz/kz/kazakstan-kalalary-olimpiada-kunin-atap-otedi_a3540810”