Қаршадай қызды педофилден құтқарған жігіт оқиғаның қалай болғанын айтып берді

>

Астанада қаршадай қызды педофилден құтқарған жігіт оқиғаның қалай болғанын айтып берді деп хабарлайды КТК арнасы.

Астанада педофил зорламақ болған қаршадай қызды құрылысшылар құтқарып қалды. Қаскөй 6 жасар жеткіншекті үйінің алдынан алдап әкетіп, қамыстың арасына апарып жәбірлемек болған. Алайда, оның жоспарын жақын маңдағы жұмысшылар күл-талқан етіп, сытылуға ұмтылған азғынды полицияға ұстап берді.

 

 

Арам ойын іске асырмақ болған азғын қаршадай қызды міне мына жерге алдап алып келген. Яғни адам көзінен таса жер талдың түбінде зорламақ болған. Қайта су жаңа вокзалды салып жатқан құрылысшылар қаскөйді байқап, көмекке тұра ұмтылған.

Вокзалға жылу құбырын тартып жатқан жұмысшылар алқынып жүгіріп жеткенде еңгезердей еркек қызды шешіндіріп, өзі де жалаңаштанып үлгеріпті. Бірақ, ойлағаны іске аспай белден келетін мына көлшікке қарай қашқан.

Нәпсіқұмардың соңынан шешініп суға сүңгігендер, оны желкелеп жағаға алып шықты. Тіпті қаумалаған құрылысшылар азғынның сазайын тарттырып, қан-жоса қып сабап тастаған.

Бет-аузы қанталаған кісіні полицияға ұстап берген құрылысшылардың бірі 22 жастағы Асқар Қажықұмаров. Айтуынша, жеткіншектің ата-анасы жаңа вокзал салынып жатқан Промышленный ауданында тұрады екен. Өкініштісі, олар азғынмен жақын араласқан.

"Не үшін істедің деп сұрадым? Мас болып қалдым деді. Ол қыз менің досымның қызы деді. Дүкенге  алып шығып  тиіспекші болдым деп айтты", - дейді Асқар Қажықұмаров.

Қаршадай қызға балмұздақ әперем деп алдаған педофил қазір изоляторға жабылған. Белгігі болғандай 48 жастағы Астана тұрғыны бұған дейін ұрлық жасап сотталған екен. Енді тағы біраз жыл бостандық көрмейтін түрі бар.

"Осы факт бойынша қазір ҚР ҚК 121 бабы бойынша қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеулер жүріп жатыр. Осы баппен қаралатын әрекеттер санкциясы 15 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін", - дейді Астана қалалық ІІД  баспасөз хатшысы София Қылышбекова.

Ал, 6 жасар қыздың өзі қатты шошынып қалған. Оған психологтар көмектесіп жатыр. Педофилді оңдырмай сабаған құрылысшылар да шатылуы мүмкін. Яғни, олар азғынды полицияның қолына тапсырмастан бұрын, ұрып-соғып өздерінше жазамалақ болған. Қазір полиция интернетке тарап кеткен видеоны мұқият тексеруде.