Головкин-«Канело»: Үшінші айқас бойынша келіссөздер басталды


АСТАНА. ҚазАқпарат — Golden Boy промоутерлік компаниясының басшысы Оскар де ла Хойя Геннадий Головкин мен Сауль «Канело» Альварестің үшінші жекпе-жегі бойынша келіссөздер процесінің басталғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Sports.kz.

Мексикалықтың жағы айқасты Лас-Вегаста «Синко де майо» мекересінде демалыс күні өткізуді жоспарлап отыр.

Бұдан бұрын олар «Канелоның» рингке 4 мамырда оралатынын мәлімдеген еді.

«Кеше Головкиннің адамдарымен алдын ала келіссөздер өткіздім. Біз «Синко де майо» мерекесінде үшінші жекпе-жек өткізуді ұсындық. Бұл Лас-Вегаста бокс үшін маңызды дата. Сондықтан, біз келіссөздерді бастаймыз. «Канело» кез келген боксшымен айқасуға дайын. Олардың үшінші жекпе-жегі — жақсы мүмкіндік. Келіссөздер басталды, соңы не болатынын көреміз», — деді Де ла Хойя ESPN Houston радиосына берген сұхбатында.

Еске салайық, GGG мен «Канелоның» алғашқы екі жекпе-жегі Лас-Вегаста өткен еді. Бірінші айқас даулы тең нәтижемен аяқталса, екіншіде төрешілер жеңісті Альвареске берді.


Источник: “http://lenta.inform.kz/kz/golovkin-kanelo-ushinshi-aykas-boyynsha-kelissozder-bastaldy_a3487411”